«Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы басталды
Байқау нәтижесі қыркүйек айында белгілі болады

Қазақстанда «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсын жариялайды. Байқау 25 мамырда басталып, екі негізгі кезеңде өтеді: I кезең - өңірлік деңгей (облыстық деңгей); II кезең - республикалық деңгей. Байқау нәтижесі қыркүйек айында белгілі болады. Конкурс өткізу барысында халықтың пікірі ескеріледі», - деп жазылған хабарламада.
Маусым айынан бастап облыс әкімдіктерінің ресми сайттарында жергілікті әкімнің жұмысын бағалау үшін сауалнама орналастырылады. Сонымен қатар әр өңірдің Әдеп жөніндегі уәкілдері үміткерлердің мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселелері бойынша анонимдік сауалнама жүргізеді.