Бас прокуратура өткен жылды қорытындылады
Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлардың актілері бойынша 3,5 млн азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды, оның ішінде – 123 мың қызметкер, 1,9 млн-ға жуық жасөспірім, 23 мыңнан астам баланың пайдасына алимент бойынша 4,6 млрд теңге қарыз өндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қадағалау органында кеңейтілген алқа отырысы өткізіліп, 2024 жылғы жұмыстың қорытындысы қаралды.
Іс-шараны аша отырып, бас прокурор Берік Асылов прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңға бағынатын бизнесті заңсыз тексерулерден арашалау, маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, заңсыз активтерді қайтару, азаптаулардың алдын алу, сондай-ақ алаяқтыққа, есірткі бизнесіне және басқа да қауіпті құбылыстарға қарсы күрес жөніндегі құқық қорғау органдарының күш-жігерін үйлестіру бойынша шаралар кешенін қабылдағанын атап өтті.
Өткен кезеңде прокурорлар мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инвесторлар мен олардың инвестицияларын қорғау жөніндегі жұмысты жалғастырды, президент бұл жұмысты ұлттық басымдықтар деңгейіне көтерді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жүйелі шаралар қабылданды. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында 565 инвестор нақты көмек алды, олардың ел экономикасына қосқан үлесі 10 трлн теңгені құрады.
Бас прокурор прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін пайдакүнемдік мақсатта, бизнеске қысым жасау, экономикалық қақтығыстарға қатысу үшін пайдалану әрекеттерін қатаң түрде тоқтату қажеттілігін атап өтті.
Барлық анықталған бұзушылықтар мен проблемалық мәселелер бойынша Үкіметке 23 қадағалау актісі енгізілді (экология, балалардың құқықтарын қорғау, ЖКО алдын алу, азаматтардың өтініштерін қарау сапасы бойынша және т.б.). Олардың негізінде Жол карталары, заңдарға және заңнан туындаған актілерге түзетулер әзірленді, сонымен қатар оларда баяндалған бұзушылықтарды жою, сондай-ақ азаматтардың, бизнестің құқықтарын және мемлекеттің мүдделерін қорғау үшін қажетті басқа да шаралар қабылданды.