Қараңғыда дұрыс көрінбейтін белгілер ауыстырылды
Павлодар облысындағы жол белгілері арнайы құрылғының – рефлектордың көмегімен тексерілді. Ұлттық сапа орталығы соңғы бір жылда 522 жол белгісін тексерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі pavon.kz сайтына сілтеме жасап.
«61 жол белгісі мемлекеттік стандарттарға сай келмейтіні белгілі болды. Қазіргі таңда талапқа сай емес белгілер ауыстырылды», – деді Ұлттық сапа орталығының мамандары.
Бұдан бөлек 264 километр жолдың ақ жолақтары да тексерілді. Мұнда стандарттан ауытқушылық анықталған жоқ.
«Жарық түскен кезде жол белгілері жарқырап көрінуі керек – бұл маңызды техникалық көрсеткіш. Көптеген жол-көлік апаттары белгілердің дұрыс көрінбеуінен болады. Әсіресе түнгі уақытта жолдағы қауіпсіздік үшін белгілер аса қажет», – дейді сапа орталығының инженері Қуанышбек Рахманбердиев.