Іздестіру жұмыстарына дрон пайдаланылуда
Қостанай облысы Қостанай ауданында хабар-ошарсыз кеткен азамат бір апта бойы іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі kostanaytany.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін полицейлер мен еріктілер Сергей Сергеевич Безродный есімді Қостанай ауданының тұрғынын ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Заречный ауылдық округіндегі Абай көшесінен бастап «Каменное» көліне қарай шолып өткен.
«Ені 2 шақырым, ұзындығы шамамен 4 км аумақ тексерілді. Іздеуге Қостанай ауданы полиция бөлімінің 40 қызметкері, 15 ерікті және бір ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) жұмылдырылды. Олар Заречный ауылындағы көпқабатты үйлердің шатырлары мен жертөлелерді, дүкендер мен құрылысы аяқталмаған қараусыз ғимараттарды қарап шықты», – деп хабарлайды облыстық ПД.
Қазіргі уақытта Сергей Безродныйдың орналасқан жері анықталмаған. Полиция департаменті жоғалған адамның орналасқан жері туралы хабардар азаматтарға 102 телефоны арқылы хабарлауды сұрайды.