СҚО-да отбасылық жанжал саны көбейді
«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

Өткен жылы СҚО аумағында отбасылық тұрмыста 84 қылмыс тіркелді. Басым бөлігі – ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру. Мұның барлығы өткен жылдың жазында криминалдандырылған, яғни әкімшілік кодекстен қылмыстық кодекске ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілсіші СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай қылмыстардың алдын алу – 20 қаңтарда басталған «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберіндегі полиция міндеттерінің ішіндегі ең маңыздысы. Тәртіп сақшылары бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылған адамдарды мекенжайларына барып тексереді.
«Мұндай тексерістер тұрақты түрде өткізіледі. Оған учаскелік инспекторлардан бөлек, полицияның басқа қызметкерлері, полиция департаментінің аппараты және облыс аудандарындағы бөлімдердің қызметкерлері де қатысады. Бұл – әрбір учаскелік пункттің аумағын барынша қамту үшін жасалып отыр», – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқарма басшысының орынбасары, полиция полковнигі Нарлан Жұмабаев.
Зорлық-зомбылық белгілері бар отбасыларға, балаларға қолайсыз әлеуметтік ортада көмек көрсетуді анықтау және ұйымдастыру үшін құрылған мобильдік топтардың жұмысына ерекше назар аударылады.
Өткен жылы облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында барлығы 2362 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Олар бойынша 563 адам әкімшілік қамаққа алынып, 291 адамға ескеру берілді, 15 адамға айыппұл салынды.
Жедел жағдайға жасалған талдау профилактикалық жұмысты күшейту қажет екенін көрсетеді. Полицейлер жадынамалар таратады, байланыс нөмірлерін қалдырады, заңнамадағы өзгерістерді түсіндіреді.
«Тұрмыс» іс-шарасы 29 қаңтарға дейін жалғасады, осы уақыт ішінде полиция қызметкерлері отбасылық жанжалдардың салдарынан туындайтын ауыр зардаптарды болдырмау үшін проблемалық мекенжайлар бойынша жаппай жұмыс жүргізетін болады.