СҚО-да криптовалюта арқылы 681 млн теңге тапқан үш азамат бірнеше жылға сотталып кетті
380 адам осы үш азаматпен криптовалюта бойынша транзакциялар жасағаны анықталды
СҚО-да үш азамат тиісті лицензиясыз криптовалюта қабылдау және айырбастау операцияларын жүргізген. Олар заңсыз жолмен ақша тапқаны үшін бірнеше жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚМА мәліметінше, сотталғандар криптовалюта биржаларынан алынған қаражатты пайдаланып, криптокошелек арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен айырбас операцияларын жүзеге асырған. Қазақстан Республикасының аумағында қызметі тыйым салынған криптобиржалар арқылы жасалған бұл операциялар заңсыз болды.
«Заңсыз айырбас операциялары нәтижесінде схеманы ұйымдастырушылар цифрлық активтерді ұлттық валютаға айырбастаған. Жалпы айналым сомасы 681 млн теңгеден астам. 380 адам осы үш азаматпен криптовалюта бойынша транзакциялар жасағаны анықталды, бұл іс-әрекет банктік шоттардан алынған үзінділермен расталды.
Сот үш күдіктіге қатысты шешім қабылдап, оларды 2,5 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, мүліктерін тәркілеу туралы шешім қабылдады.
Құны шамамен 400 млн теңгені құрайтын мүлік тәркіленді, оның ішінде 10 млн теңге көлемінде активтер, 150 млн теңге бағасындағы жылжымайтын мүлік, жалпы құны 213 млн теңге болатын бес көлік, 12 млн теңге тұратын квадроцикл және қымбат компьютерлік жабдықтар бар», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан хабарламада.
Ведомство мәліметінше, мұндай құрылымдар өз клиенттерін сәйкестендірмейді және күдікті операцияларды анықтамайды. Сондықтан, олардың қызметтерін көбіне кибералаяқтар мен есірткі заттарын өткізушілер пайдаланады.
Мысалы, осындай схемалар арқылы 2024 жылы 10 миллиард теңгеге есірткі табыстары шығарылған.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Цифрлық активтер туралы» Заңына сәйкес елдегі цифрлық активтердің айналымына қатысты кез келген қызмет лицензияны қажет етеді.