Қазақстанда 2 мыңға жуық адамға Альцгеймер диагнозы қойылған
Алайда деменцияға шалдыққан науқастардың нақты саны 200 мыңнан асуы мүмкін
Қазақстанда ресми деректер бойынша Альцгеймер ауруы диагнозы 2 мыңға жуық адамға қойылған. Бұл туралы психиатр-психотерапевт, невроздар және Альцгеймер ауруын емдеу орталығының басшысы Жібек Жолдасова «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәрігердің айтуынша, ресми деректер бойынша, елімізде Альцгеймер ауруы 2 мыңға жуық адамға қойылған. Алайда, Қазақстанда 2,5 миллионға жуық егде жастағы адам тұратынын ескерсек, деменцияға шалдыққан науқастардың саны 200 мыңнан асуы мүмкін.
«Бүгінде деменция диагнозымен 10 мыңнан астам адам есепке алынған. Бұл шынайы жағдайдан 20 есе төмен. Себебі диагноз дұрыс қойылмайды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі көптеген дәрігер когнитивті функцияларды анықтай алмайды және деменция деңгейін бағалауды білмейді. Бұл өте үлкен проблема», – деді Жолдасова.
Қазақстанда «Альцгеймер ауруынан қайтыс болу» немесе «деменциядан қайтыс болу» сияқты диагноздар мүлдем қойылмайды. Осыған байланысты деменциядан болатын өлім-жітім бойынша нақты статистика жоқ.
Жібек Жолдасова ауруды ерте анықтау үшін халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру қажеттігін айтты.