$ 529.65  544.64  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Есірткі жарнамасы бар: Қарағандыда 14-15 жастағы қыздар ұсталды

Олар бір парақша үшін 70 теңге пайда тапқан

Есірткі жарнамасы бар: Қарағандыда 14-15 жастағы қыздар ұсталды
Фото: Қарағанды облысы ПД

Қарағандыда есірткі жарнамалайтын парақшаларды жапсырып жүрген жасөспірім қыз балалар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды қаласында Октябрь полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары әкімшілік аумақты аралау кезінде тұрғын үйлердің бірінің есігіне жаңадан жапсырылған QR-коды бар парақшаны анықтады. Тексеру нәтижесінде сілтеменің есірткі саудасына қатысты Telegram-арнасына қатысы бары белгілі болды.

Жедел әрекет ету нәтижесінде полицейлер 14 және 15 жастағы кәмелетке толмаған екі қыз баланы ұстады. Ұсталғандардың қолында әлі жапсырылмаған 60-қа жуық парақша тәркіленді.

Қыздардың айтуынша, олар бұл жұмысты хабарландыру арқылы тапқан. Әрбір жапсырылған парақша үшін оларға 70 теңге төленген. Мектепте бұған дейін мұндай іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетіні бойынша бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, қыздар бұл жарнаманың зиянсыз екеніне сендірілгенін айтты. Олар сілтеменің халық тұтынатын тауарлар сататын интернет-дүкенге апаратынын көрсеткен.

«Қазіргі уақытта қозғалған қылмыстық іс аясында заңсыз материалдарды таратуды ұйымдастырған адамдарды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Есірткі жарнамасымен күресу мәселесі өзекті болып қала береді. 2024 жылы Қарағанды облысының полицейлері еріктілермен және облыстық прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, есірткі жарнамасын жоюға бағытталған 500-ден астам іс-шара өткізді. Нәтижесінде 13 мыңға жуық сурет жойылып, заңсыз табыс көздерін ұсынған 271 әлеуметтік желі аккаунты бұғатталды.

2025 жылдың басынан бері бұл жұмыс белсенді түрде жалғасуда. Қаңтардың алғашқы екі аптасында 11 іс-шара өткізіліп, 36 жаңа граффити жойылды және есірткі таратуға қатысты 21 мекенжай жабылды», - делінген ПД хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары