Астанада үш жасар баласын вокзалға тастап кеткен әйел адам табылды: тың мәліметтер жарияланды
Сәби қазір қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберілді
Елордадағы «Астана-1» (ескі вокзал) вокзалында анасы тастап кеткен сәбидің қазіргі жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, қаңтар айының басында әйел адам үш жасар баласын Астанадағы теміржол вокзалында тастап кеткен болатын. Полицейлер осыдан кейін сәбидің анасын іздеуге кіріскен болатын.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Астана вокзалындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері баланың анасын іздеп тапты. Ол бұрын психиатриялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болды. Қазір сәбидің анасы полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта сәбиді қауіп-қатерге қалдыру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.
Ведомство мәліметінше, үш жасар сәби Астана қаласы әкімдігінің қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберілді.