Қазақстанда КСРО төлқұжатымен өмір сүріп келген екі адамға алғаш рет жеке куәлік берілді
Олар өмір бойы Қазақстан аумағында тұрғанымен, жеке құжаттарын рәсімдемеген
Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарында КСРО төлқұжатымен өмір сүріп келген екі адамға алғаш рет жеке куәлік берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Polisia.kz мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының тұрғыны 64 жасында алғаш рет ресми құжатқа ие болды. Бұл полицияның көші-қон қызметі қызметкерлерінің араласуымен мүмкін болды. 1978 жылдан бері тек ескі үлгідегі төлқұжатты пайдаланып келген ер адам қажетті құжаттарды ресімдеуге көмек сұрап, көші-қон қызметіне жүгінген.
Белгілі болғандай, ол көптеген жыл бойы жаңа құжаттарға аса қажеттілікті сезінбеген. Алайда тұрақты жұмысқа орналасу үшін жеке басын растайтын құжаттың қажеттілігі туындағанда жағдай өзгерген.
Валентина Бердина – Ақтөбе қаласының тұрғыны. Өмір бойы Қазақстан аумағында тұрғанымен, жеке құжаттарын рәсімдемеген. КСРО кезінде алған жарамсыз төлқұжатын ауыстырмағандықтан, осы күнге дейін зейнетақы да ала алмай келген. Құжатсыз, әрі тиісті зейнетақы төлемдерінсіз өмір сүріп жатқан қарт ананы жергілікті еріктілер өз қамқорлығына алып, материалдық, әрі құқықтық көмек көрсеткен.
Валентина Бердина жағдайымен танысқаннан кейін Ақтөбе облысы полиция департаментінің көші-қон қызметкерлері қарияны құжаттандыру жұмыстарына дереу кірісті. Нәтижесінде 13 қаңтар күні полиция қызметкерлері Валентина Бердинаның тұрғылықты мекенжайына арнайы барып, оған Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін тапсырды. Қатты қуанған қария көзіне жас алып, өзіне қол ұшын созған барша жанға алғысын жеткізді.
«Тіпті, не айтарымды білмей тұрмын. Барша Қазақстан жұртына рақмет. Қайырымды жандардың сондай көп екенін білмеппін. Тіпті, өмір сүргім, жұмыс жасағым келіп кетті. Енді зейнетақымды алсам, арманым жоқ», – деді толқыған қария.