Хабиб Нурмагомедов стюардессамен сөзге келіп қалған соң рейстен қуылды (ВИДЕО)
Оқиға америкалық ұшақтардың бірінде болды
Бұрынғы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов рейсте стюардессамен сөзге келіп қалғаннан кейін American Airlines ұшағынан шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде Essentially Sports арнасы Хабибтің видеосын жариялады.
Мәселе Нурмагомедовтің апатты есік ашылатын қатарындағы орындыққа отыруында болды, онда кеңірек отыруы үшін билет бағасы әдеттегіден қымбатырақ. Мұндай маңызды орынға отырған жолаушы төтенше жағдайда экипаждың нұсқауларын анық және жылдам орындауы керек.
Стюардесса Хабибтен төтенше жағдайда жылдам әрекет ету туралы сұрағанда ол сұраққа бірден жауап бермеген. Осыдан кейін стюардесса оның бұл орынға отыруға құқығы жоқ екенін, сол себепті басқа орынға отыруын өтінеді. Алайда Хабиб бұл өтініштен үзілді-кесілді бас тартты.
«Тіркеу кезінде олар менен: «Мен ағылшын тілін білемін бе?» деп сұрады». Мен: «Иә» деп жауап бердім. Онда неге бұлай істеп жатырсыңдар? Бұл әділ емес», - деді Нурмагомедов.
Стюардесса спортшыны ұшақтан шығарып жіберетін супервайзерді шақыратынын айтты. Жалпы, диалог сабырлы үнде өтті, бірақ ешкім берілгісі келмеді. Соңында қызғылт сары жейде киген адам Хабибке келіп, рейстен түсуін өтінді.
Хабиб қарсылық көрсетпей, сөмкесін алып, ұшақтан сабырлы түрде шығып кетті. Серіктесі сөреден оның жүктерін алып, соңынан бірге шықты.