$ 526.81  542.72  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

2024 жыл тарихтағы ең ыстық жыл ретінде тіркелді

Бұл жылы жаһандық орташа температура алғаш рет 1,5°C деңгейінен асып түсті

2024 жыл тарихтағы ең ыстық жыл ретінде тіркелді
Фото: © istockphoto.com

2024 жыл тарихтағы ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Бұл жылы жаһандық орташа температура алғаш рет 1,5°C деңгейінен асып түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy The Guardian-ға сілтеме жасап.

«Еуропалық Одақтың климаттың өзгеруі бойынша Copernicus (C3S) қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы орташа температура индустрияға дейінгі деңгейден 1,6°C жоғары болған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 0,1°C-қа өскен. Бұл — қазіргі адамдар ешқашан бастан кешпеген деңгейдегі жоғары температура», — деп жазады басылым.

Сонымен қатар C3S мәліметтері бойынша, 2024 жылдың 10 шілдесінде ғаламшардың 44%-ы қатты және экстремалды жылу стрессіне ұшыраған. Ал тарихтағы ең ыстық күн 22 шілдеде тіркелді.

C3S директорының орынбасары доктор Саманта Берджесс климаттық жағдайдың күрделі екенін атап өтті.

«Қазір 1,5°C деңгейін ұзақ мерзімді орташа көрсеткіш ретінде асып өту қаупі өте жоғары. 2024 жылы атмосферадағы рекордтық деңгейдегі су буы жаһандық температураны арттырып, бұрын-соңды болмаған аптап ыстық пен нөсер жауындарға алып келді. Бұл миллиондаған адамға қиындықтар туғызды», – деді ол.

Ғалымдардың болжамынша, температураның 2°C-тан асуы климаттық апаттарға әкелуі мүмкін:

  • Экстремалды ыстық толқындары;
  • Қуаңшылықтар мен су тапшылығы;
  • Дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуі және жағалаулардың су астында қалуы.

2015 жылы елдер Париж климаттық келісіміне қол қойып, температураны индустрияға дейінгі деңгейден 2°C жоғары көтермеуге және 1,5°C деңгейіне ұмтылуға келісті. Бұл келісім аясында әр мемлекет өздерінің шығарындыларды азайту және климаттық өзгерістерге бейімделу жоспарын жасауы және оны әр бес жыл сайын жаңартып отыруы керек.

Серіктес жаңалықтары