Ресейдегі жол апатынан екі қазақстандық қаза тауып, жетеуі жарақат алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар Оралдағы ауруханаға жеткізілген

Фото: © istockphoto.com

Ресейдің Самара облысында болған жол апатынан зардап шеккен жеті қазақстандық Оралдағы ауруханаларға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ресейлік БАҚ мәліметінше, Самара облысында екі жеңіл автокөліктің бетпе-бет соқтығысып,  екі адам қаза тауып, жеті адам жарақат алған. Ресей құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, апатқа түскендердің барлығы – Қазақстан азаматтары.

«Самара облысындағы Самара – Үлкен Черниговка тас жолында болған апаттан зардап шеккен Қазақстанның алты азаматы, оның ішінде екі бала, бүгін алты санитарлық көлік арқылы Оралдағы медициналық мекемелерге жеткізілді. Тағы бір отандасымызды ТЖД бригадасы жеткізді», – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Апат туралы хабар түскен бойда оқиға орнына алты жедел жәрдем бригадасы жіберілген.

«Зардап шеккендердің жарақаттарының ауырлығын ескере отырып, бригадалар құрамында балалар мен ересектерге арналған травматологтар, хирургтар, нейрохирург, реаниматолог және алты фельдшер болды. Жол апатынан зардап шеккендерде бас сүйек-ми шайқалуы, аяқ-қол сынықтары, жамбас сүйектері мен омыртқа жарақаттары, көгерулер және гематомалар тіркелді. Бес ересек зардап шегуші Оралдағы Қалалық көпсалалы ауруханаға, ал екі бала Облыстық балалар көпсалалы ауруханасына жеткізілді, мұнда оларға толық медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.