Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары басталды
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері – Ұлықбек Тұмашинов пен Ерлан Саиров Өскемен қаласындағы гемотологиялық орталықтың құрылыс жұмысымен танысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл ірі жоба қан жүйесі мен кардио-тамыр жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеудің жоғары деңгейіне шығаруға арналған. Сондай-ақ, елдегі медициналық көмектің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
«Орталық «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін нысан қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының уақытылы сапалы орындалуы партияның тікелей бақылауында болады. Бұдан бөлек, былтыр біз медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заң қабылдадық. Бұл заң дәрігерлермен бірге әзірленді және олардың мүддесін қорғауға бағытталған. Осы жолдағы жұмысты біз әрі қарай жалғастыра береміз», – деді Е. Саиров.
Нысан бірнеше корпусты қамтиды. Бас ғимаратта химиотерапия күндізгі стационар, балалар стационары, соматика, ересектер гематологиясы, кардиология және кардиохирургия, сондай-ақ сүйек кемігін трансплантациялау бөлімшелері орналасады. Сонымен қатар, консультациялық-диагностикалық бөлімше де жұмыс істейтін болады. Барлық құрылыс-монтаж жұмысы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақыта құрылыстың ішкі жұмыстары қалған. Тиісті құрал-жабдықтар да сатып алынып жатыр. Бекітілген мерзімде нысанның құрылысын аяқтап қолданысқа беру қажет. Айта кету керек, бұл шетелден қайтарылған активтердің есебінен салынып жатыр. Ендігі кезекте құрылыс сапасына бақылау күшейтіліп, барлық жұмыс белгіленген стандарттарға сай жүргізілуі тиіс. Нысанның уақытылы іске қосылуы өңір тұрғындарының өмір сүру жағдайы мен аймақтың дамуына елеулі үлес қоспақ», – деді Ұ.Тұмашинов.
Жобаның жалпы құны – 71,3 млрд теңге. Құрылыс басталғалы бері 37,7 млрд теңге игерілді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 78 пайызы орындалды.