Есірткі саудасына қолдау көрсеткен шенділер енді өмір бойына сотталады – Аймағамбетов
Тоқаев есірткі өндіруге қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін заңға қол қойды
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов есірткі бизнесіне қарсы заңға енгізілген өзгерістер жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде заңға қандай өзгерістер енгізілгені туралы былайша ойын жеткізді.
«Заңға біздің авторлық түзету енгізілді. Ол есірткі бизнесіне қатысқан немесе оған қолдау көрсеткен лауазымды тұлғаларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Лауазымды тұлғалар, соның ішінде құқық қорғау саласының шенділері, өз өкілеттіктерін пайдаланып, есірткі саудасына қолдау көрсеткен жағдайда, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Сондықтан біз мұндай қылмыскерлерге ең қатаң жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыруды енгізуді ұсындық», - дейді депутат.
Сонымен қатар заңда:
- Есірткі өндіру және сату үшін жазаны айтарлықтай қатаңдату;
- Қылмысты алғаш рет жасаған, ауырлататын мән-жайсыз «закладчиктерге» жеңілдетілген жаза қолдану нормалары қарастырылған.
«Енді мұндай қылмыс жасағандар үшін 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы белгіленген (бұрын — 5 жылдан 10 жылға дейін).
Бұл заң есірткі саудасына қарсы күресте және еліміздің қауіпсіздігін нығайтуда маңызды қадам болып саналады», - деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі өндіруге қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін заңға қол қойғаны хабарланған болатын.