Сәбидің жағдайы үйінде нашарлаған
Қостанай қаласында жедел жәрдем дәрігерлері клиникалық өлім жағдайында болған 24 күндік нәрестеге сәтті реанимация жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сәбидің жағдайы үйінде нашарлаған. Тамақтандырғаннан кейін көгеріп, тыныс алуды тоқтатқан. Диспетчер 103 шұғыл түрде жедел жәрдем бригадасын жіберіп, ата-аналарға телефон арқылы алғашқы көмек көрсетуді түсіндірді», — делінген хабарламада.
Call-орталықтың аға дәрігері Айшат Батталқызы Абзалбекова үнемі байланыста болып, әкесіне нақты нұсқаулар беріп отырды. Әкесі баланы критикалық жағдайдан шығару үшін барлық қажетті шараларды дұрыс орындады.
«Жедел жәрдем көлігінде сәбидің жүрек және тыныс алу қызметі тоқтап, клиникалық өлім жағдайына тап болды. Дәрігер Сұлтан Жүсіпов пен фельдшер Александр Калетин дереу реанимация шараларын бастады. Сәбиге трахея интубациясы жасалып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Реанимация халықаралық PALS стандарты бойынша жүргізілді. Дәрігерлердің шұғыл әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында нәресте қайта тіршілік белгілерін көрсетті», — делінген хабарламада.
Қазір нәресте облыстық балалар ауруханасының стационарында ем қабылдап жатыр.