Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші үш есе артты — прокуратура
2023 жылы осындай 32 жағдай тіркелсе, биыл олардың саны 146-ға жеткен
Шымкентте отбасылық қарым-қатынастардағы қылмыстар саны айтарлықтай өскен. Прокуратураның деректеріне сүйенсек, 2024 жылы әдейі дене жарақатын салу фактілері үш есе көбейген. 2023 жылы осындай 32 жағдай тіркелсе, биыл олардың саны 146-ға жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, отбасындағц қылмыстардың басым бөлігі ішімдік ішу, жұмыссыздық және қаржылық қиындықтармен байланысты.
2024 жылы маусым айында күшіне енген қылмыстық кодекстегі өзгерістердің де зорлық-зомбылықтың ресми тіркелу санына әсер еткені айтылып отыр. Бұл заң әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған және кез келген шағым бойынша қылмыстық іс қозғауды міндеттейді. Мәселен, 53 жастағы ер адам әйелі мен үш айлық қызын ұрып-соғып, пышақпен қорқытқаны үшін алты жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Мұндай жағдайларда жазалау шараларымен қатар алдын алу жұмыстары да қолға алынуда.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Бақытты жанұя» орталығында агрессорларға арналған тегін психологиялық көмек жобасы іске қосылды. Бұл бағдарлама отбасылық құндылықтарды нығайтуға және ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған. Жоба аясында 30-дан астам агрессормен жұмыс жүргізіліп, олардың арасында құқық бұзушылық қайталанбаған.