$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Кек алмақ болған»: Астанада танысының атынан сайтқа жарнама берген тұрғын өтемақы төлейтін болды

Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітіліп, іс жүргізу тоқтатылды

«Кек алмақ болған»: Астанада танысының атынан сайтқа жарнама берген тұрғын өтемақы төлейтін болды
Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Астанада танысының атынан OLX сайтына жарнама орналастырған тұрғын өтемақы төлейтін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына жарнама бойынша қоңыраулар астында қалған ер адам шағымданды. Ол мұны танысы әдейі істегенін, сондықтан моральдық зиян өтету талабы барын айтты.

Сотта белгілі болғандай, 2024 жылдың тамыз айында ер адам OLX сайтында өзінің атынан массаж қызметтерін көрсетуге арналған, жеке телефон нөмірі мен фотосуреті көрсетілген жарнаманы көрген. Талап қоюшының телефонына OLX веб-сайтының пайдаланушыларынан қоңырау жаппай түсе бастаған. Талап қоюшыны бұл қорлап, қатты ашуландырған.

Сотта жауапкер талап қоюшымен араларында кикілжің болғанын, телефон арқылы аталған жарнаманы сайтқа одан кек алу мақсатында орналастырғанын айтты. Істі қарау барысында судьяның ұсынысы бойынша тараптар татуласуға келіп, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасты.

«Келісім талаптарына сәйкес, жауапкер талап қоюшыға 250 000 теңге моральдық шығынды өтеп, соманы 5 айға бөліп, ай сайын 50 000 теңгеден төлеуге міндеттенді. Бастапқыда талап қою 1 млн теңге өндіріп алу туралы берілген. Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітіліп, іс жүргізу тоқтатылып, мемлекеттік баж алымы талап қоюшыға қайтарылды», - делінген сот хабарламасында

Серіктес жаңалықтары