Қарағандылық жолшылар жолдың шетіне шығып кеткен жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті
Байланыс орталығына жүк көлігінің жүргізушісі хабарласып, көмек сұраған
Қарағандылық жолшылар жолдың шетіне шығып кеткен жүк көлігін шығаруға көмектесті. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» компаниясынан мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компания мәліметінше, 1403 байланыс орталығына жүк көлігінің жүргізушісі хабарласып, жолдың шетіне шығып кеткендігі туралы айтып, көмек сұраған.
«Облыстық КАЖСервис мамандары дереу көмекке барып, жүк көлікті сүйреп шығарды. Қыстыгүні мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Көп жүргізушілер бұрылар кезде жылдамдық режимін есептемей, жолдың шетіне шығып кетіп жатады. Күн сайын біздің жолшылар осындай жағдайларға тап болған жүргізушілерге көмектеседі. Жолшының жұмысы жеңіл емес, бірақ қиындықтарға қарамай кез келген жүргізушіге қол созуға дайын», - делінген хабарламада.