Қазір мектеп оқушысының денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ
Елордалық полицейлер көшеде ес-түссіз жатқан жасөспірімді құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері Нұрсұлтан Шаяхметов пен оның серіктесі Бақтыбай Қалжанов патрульдеу кезінде бір топ баланың жиналып тұрғанын байқайды.
Жандарына жақындаған полиция қызметкерлері қыз баланың ес-түссіз жатқанын көреді. Полиция қызметкерлері жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін шұғыл шаралар қабылдап, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
«Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Менің серіктесім қызды ұстап тұрды, мен сол кезде оған тікелей жүрек массажын жасадым және аяқ-қолын ысқыладым. Нәтижесінде қыз есін жиды, содан кейін біз оны жедел жәрдем қызметкерінің нұсқауы бойынша бүйіріне ауыстырдық. Баланы жедел жәрдеммен алып кетті», - деп бөлісті полицейлердің бірі.
Қазір мектеп оқушысының денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін полицейлер көтермеленетін болады.