$ 523.72  544.09  5.2
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Оқушыларға электрошокер қолданып, пышақ кезеген»: Атыраудағы әскери мектепте тексеріс жүріп жатыр

Ата-аналар оқушыларға қатысты зорлық-зомбылық болғанын мәлімдеді

«Оқушыларға электрошокер қолданып, пышақ кезеген»: Атыраудағы әскери мектепте тексеріс жүріп жатыр
Фото: azh.kz

Атырау қаласында ата-аналар «Сармат» мамандандырылған әскери мектебінде оқушыларға қатысты зорлық-зомбылық болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Мектеп тәрбиеленушілерінің айтуынша, оларды бірнеше рет ұрып-соғып, электрошокер қолданған, сондай-ақ пышақпен қорқытқан. Бұл туралы әлеуметтік желіде зардап шеккен оқушылардың бірінің анасы Нұргүл Еспусинова баяндады. Ол ұлының денесінде әлі де көгерген іздер қалғанын айтады.

«Баламның денесіндегі жарақаттарды көріп, мектепке жағдайды анықтауға бардым. Бірақ сол кезде мектеп директоры да, мұғалімдер де орнында болмады. Кейінірек баламның мектептен шығарылғанын білдім», – дейді ол.

Нұргүл Еспусинованың айтуынша, баласы қазан айынан бастап мектепке барғысы келмейтінін айтқан. Мектеп әкімшілігі ата-аналарға оқушылардың мектепте түнеуге болатынын айтқанымен, ұлы онда қалудан үзілді-кесілді бас тартқан.

«Мектеп әкімшілігі ұлымның насыбай қолданғанын айтып, оны мектептен шығарған. Алайда бұл жағдайды дәлелдейтін ешқандай куәгерлер жоқ. Пакет ұлымның сөмкесінен табылды деп айтылғанымен, ол туралы мен ештеңе білмеймін. Қайта тексеріс нәтижесінде ұлымның денесінде ешқандай зиянды заттардың ізі табылған жоқ. Соған қарамастан, оны мектептен шығарды», – дейді анасы.

Нұргүл Еспусинова баласына электрошокер қолданылғанын, оны пышақпен қорқытқанын, тіпті ине шаншығанын мәлімдеді.

«Ұлымның кеудесін электрошокермен ұрып, пышақпен қорқытқан. Тіпті инемен шаншыған кездері болған. Ұлымның денесінде пышақ іздері бар», – дейді анасы.

Ал Атырау облыстық білім басқармасы оқушының тәртіп бұзушылықтарын бірнеше рет қайталағанын және осының салдарынан мектептен шығарылғанын хабарлады.

«Оқушы қыркүйек айында бірнеше тәртіп бұзушылық жасаған. Оған ескерту берілді. Желтоқсанда бұл жағдай қайта қайталанған соң, педагогикалық кеңес шешімімен оқушы мектептен шығарылды», – делінген білім басқармасының мәлімдемесінде.

Қазіргі уақытта ата-аналардың шағымы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Білім басқармасы мектептегі оқу-тәрбиелік процесті талдайды. Сонымен қатар оқушыға психологиялық көмек көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары