Талдықорғанның ішкі шағынаудандары да карантинге жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы тәулікте облыста COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны күрт артқан

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны сәт сайын көбейіп барады. Тек бүгін таңертең қауіпті індет тағы 19 адамнан табылған. Өңірде COVID-19 диагнозы қойылғандардың жалпы саны 238 адамға жетті.

Қазіргі таңда Талдықорған қаласының ішкі шағынаудандарына да қатаң карантин режимі енгізіліп жатыр. Облыс орталығында вирусты жұқтырған тағы 12 адам анықталса, Кеген ауданында – 4, Талғар ауданында – 2, Қарасай ауданында 1 жағдай тіркелген. 

«19 адамның 16-сы бұрын ауырған адамдармен байланыста болған. Қалған үшеуі медициналық мекемеге жүгіну кезінде белгілі болды. ПТР-талдау нәтижелері бойынша барлығына COVID-19 диагнозы қойылды. Ауырған адамдар алдын ала оқшауландырылып, қазіргі уақытта жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылды. Олармен байланыста болған азаматтар да карантинге жабылып, коронавирустың бар-жоғын анықтауға зертханалық тексеруден өтуде. Эпидемиологиялық тексеру әлі де жалғасып жатыр», - деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.