Түркістан қаласына келетін шетелдік туристердің саны 20 мыңнан аса бастады
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңір орталығында ішімдік ішуге тыйым салу ұсынысына қатысты жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол Парламент Мәжілісінің кулуарында Түркістан қаласына қомақты инвестициялар тартылып жатқанын ерекше айтып өтті.
«Бұл – бастама негізі жақсы. Түркістан қаласында ақсақалдар, интеллигенция өкілдері, белсенді азаматтар арақсыз қала жасайық деп осы бастаманы көтерген. Бірақ облыс орталығы құрылғалы бері бізде инвестиция көлемі артты. Келетін туристердің саны миллионнан аса бастады. Оның үстіне шетелдік туристердің саны 20 мыңнан аса бастады. Қажетті инфрақұрылымдар салынып жатыр. Қонақүйлер, бизнес орталықтар, т.б.
Бизнес қауымдастық бұл мәселеге келгенде екіұдай күйде. Соншама турист, қонақ келгеннен кейін оларға тиісті деңгейде сервистік қызмет, өздерінің талап деңгейіндегі қажеттіліктерді біз беруіміз қажет. Ол кісілердің тарапынан осындай пікірлер бар. Сондықтан бұл мәселе өзекті. Әлі де талқылау үстінде», - дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Ол сөз соңында бұл ішімдік ішкісі келетіндердің құқығын шектеу болып саналуы мүмкін деген ойға қатысты пікір білдірді.
«Енді кәсіпкерлер өздері тарапынан осындай ойларын білдіріп жатыр», - деп Түркістан облысы әкімінің орынбасары ойын жеткізді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Ардақ Назаров «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы аясында Түркістан қаласында арақ-шарап сатуға тыйым салу туралы ұсыныс жасаған болатын.