Екі адам көз жұмып, үш адам жараланған: Шымкентте жүргізуші бірнеше жылға сотталды
Ол 10 млн теңге төледі
Шымкентте жантүршігерлік жол апатынан екі адамның өліміне себеп болған жүргізушіге қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, жүргізуші 2024 жылдың шілде айында «Toyota Camry» маркалы автокөлігімен Шымкент қаласында басты жолмен келе жатқан Ә.-нің «KIA K5» маркалы автокөлігіне соқтығысып, абайсызда екі адамның өліміне, бір адамның денсаулығына ауыр, екі адамның денсаулығына орташа зиян келтіруге әкеп соққан жол-көлік оқиғасын жасаған.
«Жол-көлік оқиғасының салдарынан «KIA K5» автокөлігінің жолаушылары – кәмелетке толмаған 2006, 2009 жылғы жәбірленушілер алған дене жарақаттарынан қайтыс болып, 2008 жылғы жәбірленуші денсаулығына орта, ал «Toyota Camry» маркалы автокөлігінің жолаушысының денсаулығына ауыр дәрежелі зиян келген.
Сот, Н.-ны ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, оған көлік құралдарын жүргізу құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Талап арыз ішінара қанағаттандырылып жәбірленушілердің пайдасына 10 миллион теңге өндірілді.
Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуге деп белгіледі», - делінген хабарламада.