Қазақстанда киік саны 4 млн басқа жетті – министр
Қазіргі уақытта әлемдік популяцияның 99%-ы Қазақстанда мекендейді
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында 2024 жылы киіктердің жалпы саны 4 млн басқа жеткенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол елімізде жануарлар дүниесін қорғаудың сәтті тәжірибесінің тағы бір мысалы ретінде киік популяциясының 2003 жылғы 21 мыңнан 2024 жылы 2 млн 833 мың басқа жетіп, ал көктемгі төлден кейінгі саны шамамен 4 млн басты құрағанына тоқталды.
Қазіргі уақытта әлемдік популяцияның 99%-ы Қазақстанда мекендейді.
«Халықаралық табиғатты қорғау одағы Қызыл кітапта киіктің табиғи қорғау мәртебесін үш санатқа жоғары көтеріп, «Жойылу қаупі төніп тұрған» санатынан «Қауіп төну шегіне жақын» санатына ауыстырды», - деп толықтырды Ерлан Нысанбаев.