Ақтөбеде колледж студентіне есірткі өндіріп, адам өлтірді деген айып тағылды
Ол синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана ашып, оны сатуды көздеген
Ақтөбеде Атыраудан келген студентке есірткі өндірді мен адам өлтірді деген айып бойынша сот жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне сүйенсек, өткен жылдың көктемінде Атырау көпбейінді колледжінің стоматология бөлімінде оқитын студент химия саласындағы білімін синтетикалық есірткі — мефедрон өндіру үшін пайдаланған.
«Материалдық жағдайын жақсарту мақсатында ол Ақтөбе облысы аумағында синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана ашып, оны сатуды көздеген», – деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың баспасөз қызметі.
Айыпталушылар қатарында жергілікті IT-мектептің тарих пәнінің мұғалімі де бар. Тергеу болжамынша, ол студенттің туысы болып келеді және есірткі өндірісінде көмек көрсеткен. Тергеу мәліметтері бойынша, олар 2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың қаңтарына дейін гаражда есірткі өндірген. Прокуратура зертхана иелеріне миллиондаған теңге пайда әкелгенін айтады. Тергеу деректері бойынша, олар зертхана қызметі туралы білген жергілікті тұрғынды өлтірген.
«Сот процесі жалғасып жатыр, әзірге айыпталушыларға қатысты шешім қабылданған жоқ», — делінген хабарламада.