Алматы облысындағы зауытта жұмысшының аяғы рельстің астында қалып қойған
Дәрігерлердің айтуынша, енді оның бес башпайын кесуден басқа шара жоқ
Алматы облысындағы ірі кірпіш зауыттардың бірінде жұмысшының аяғы ауыр құрал-жабдықтарды тасымалдайтын рельстің астында қалып қойды. Дәрігерлердің айтуынша, енді бес башпайын кесуден басқа шара жоқ. Ал залал келтірген компания өкілдері моральды шығынды төлеуден жалтарып отырған көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Әлімжан Әділхан тамыз айында кірпіш зауытқа қара жұмысшы боп орналасқан. Екі баланың әкесі. Отбасының жалғыз асыраушысы. Ал жұбайы үй шаруасында, жұмысқа шығуға жарамсыз. Әлімжанның оң аяғының үшінші башпайын алып тастаған. Енді дәрігерлер қалғандарын да кесуге мәжбүр.
Әлімжанның жақындарының сөзінше, операцияға 1 миллион теңге қаражат керек. Ал зауыт өкілдері жауапкершіліктен басын алып қашқан көрінеді.
«Зауытта ауыр құрал-жабдықтарды таситын рельс орналасқан. Оның аяғы сол жолдың астында қалып, осындай жағдайға душар боп отыр. Өкініштісі, аяғын жарақаттап алған Әлімжанға ешкім алғашқы медициналық көмек көрсетпеген, жедел жәрдем де шақырмаған. Біз бірнеше рет арыз жаздық. Енді бұл жағдайды қылмыстық іс ретінде тіркеуге күш салып жатырмыз. Одан соң экспертиза тағайындалып, тергеу жүргізіледі», - деді заңгер Зарина Мамекова.
Ал, кірпіш зауыттың өндіріс меңгерушісінің айтуынша, олар өтемақы мен шығынды төлеуден бас тартпаған. Осыған дейін, науқасқа тағайындалған ем-домның жартысын төлегенін дәлелдейтін түбіртектерді көрсетті. Мұнда әр қызметкер күн сайын жұмысқа кіріспес бұрын қауіпсіздік туралы қағазға қол қойып кіреді екен. Опат болған Әлімжан да жазатайым жайт болған күні қол қойған көрінеді.
«Өзіміз алдыртып, Сейфуллин мен Әйтеке би көшесінің қиылысындағы жедел жәрдем больницасына апарып, ауруханаға ақылы бөліміне жатқыздық 28 қарашада. 5-не дейін төлемін төледік, менде документтері бар мында бәрі. Кеше 5-нен кейін барып, тағы да барып төлеп қойдық. Екі төлем бар мұнда. Қазір еңбекақылары жүріп жатыр. Оның ақшасын біз ешкімнің қолына бере алмаймыз», - дейді өндіріс жетекшісі Дәрмен Өмірғалиев.
Кәсіпорын өкілдері уәдеден таймауға сөз берді. Ал жақын күндері Әлімжан Әділханға күрделі операция жасалмақ.