Ақмола облысының тұрғыны жақындарын несиеге отырғызып кетті
Олар онлайн несие беру үшін видео биометрияны қолданған
Ақмола облысында ауыл тұрғыны туыстарына несие рәсімдеп жібергені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, 9 желтоқсан күні Ақкөл қаласының полиция бөліміне алаяқтық туралы екі өтініш түскен. Жергілікті тұрғындар өздерінің жақындары – немересі мен өгей баласының олардың сенімін пайдаланып, банктерден алаяқтық жолмен несие рәсімдегенін мәлімдеді.
Бір жағдайда залал сомасы 1 млн 772 мың теңгені, ал екіншісінде – 2 млн теңгеден астам соманы құрады. Жәбірленушілердің айтуынша, қаскүнем суретке түсіру сылтауымен олардың атына онлайн несие беру үшін видео биометрияны қолданған.
«Аталған деректер бойынша полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Мұндай жағдайларды болдырмау үшін сақтық шараларын сақтау маңызды: жеке деректерді, соның ішінде фото және бейне биометрияны, тіпті жақын адамдарыңызға бермеңіз; күдікті операцияларды анықтау үшін несие тарихын үнемі тексеріп отырыңыз; алаяқтық фактілері анықталған кезде дереу полицияға хабарласыңыз; қауіпсіздікті жақсарту үшін банктік қосымшаларда екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз», - делінген ПД хабарламасында.