Экология мәселесі өршіп тұрған Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалды
Ол соңғы екі жылда Күршім ауданының әкімі лауазымында жұмыс істеген

Экология мәселесі өршіп тұрған Өскемен қаласына әкім болып Алмат Ақышов тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алмат Талғатұлы – Шығыс Қазақстанның тумасы. Өскеменде өсіп, еңбек жолын да осында бастаған. Әр жылдары туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасында, ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқарды. Ұлан ауданы аппаратының басшысы, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды. Соңғы екі жылда Күршім ауданының әкімі лауазымында жұмыс істеді. Еңбек өтілі 14 жылды құрайды, оның 12 жылы мемлекеттік қызметте өтті. Сондай-ақ Алмат Талғатұлы Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, оның өңірлерді дамыту саласы бойынша магистрлік дәрежесі де бар.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Алмат Ақышовтың экономика, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мол тәжірибесін ескеріп, оған облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін дамытуды қамтамасыз етуде зор жауапкершілік артылатынын атап өтті.
Аймақ басшысы жаңа тағайындалған әкімге экология мен көшелерді жарықтандыру мәселелерін назарға ала отырып, қаланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар экономика, құрылыс, абаттандыру және әлеуметтік саладағы маңызды жобаларды аяқтауды жүктеді.
Айта кетейік, осыған дейін Өскемен қаласының ашулы тұрғындары әкімдіктің Instagram желісіндегі парақшасына шабуыл жасап, экология мәселесін көтерген болатын.