Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында Түркістан қаласының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері О.Жарылқапов көшесінде BMW 750 автокөлікті тоқтатты. «Қорғау» бағдарламасының көмегімен полицейлер жүргізушінің 4 миллион теңгеге төленбеген қарызы бар екенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алайда автокөлік жүргізушісі тәртіп сақшыларының тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, жылдамдықты арттырып, полициядан жасырынуға тырысты. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, айыппұл тұрағына орналастырды, ал жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы мен бейнебақылау камераларын пайдаланудың арқасында полицейлердің планшеттеріне нақты уақыт режимінде ықтимал қауіпті жүргізушілер туралы ақпарат келіп түседі, бұл оларға дер кезінде шара қабылдауға және айыппұл бойынша борышкерлерді анықтауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл жол ережелерін бұзуды азайтуға, қауіпті борышкер жүргізушілерге уақытылы шара көруге және жол ережелерін бұзудың алдын алуға ықпал етеді», - делінген хабарламада.