$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлда есірткінің ірі партиясын сатпақ болған ағайындылар ұсталды

Күдіктілер – 20 және 22 жастағы ағалы-інілі жігіттер

Петропавлда есірткінің ірі партиясын сатпақ болған ағайындылар ұсталды
Фото: СҚО ПД

Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық прокуратураның үйлестіруімен және полицияның арнайы жасағы мен 6637 әскери бөлімінің жауынгерлерімен бірлесіп, Түркістан облысының екі тұрғынын ұстады. Олар есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкендердің бірінде буып-түюші ретінде жұмыс істеді деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Күдіктілер – 20 және 22 жастағы ағалы-інілі жігіттер. Жеке тінту барысында олардан ұнтақ тәрізді зат салынған 55 түйіншек табылып, тәркіленді. Сондай-ақ олардың жалға алған пәтерінен есірткі, оны өлшеуге және буып-түюге арналған құралдар анықталды. Бұдан бөлек, ағайындылардың бірі көрсеткен орындардан тәртіп сақшылары есірткі салынған тағы бір пакет пен жолқапшық тапты.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, сараптама нәтижелері тәркіленген заттардың жалпы салмағы 1 килограмм 418,54 грамды құрайтынын және олардың синтетикалық есірткі түрлері – α-PvP пен «мефедрон» екенін растады. Бұл өңірде тәркіленген ең ірі есірткі партияларының бірі.

«Есірткіні аса ірі көлемде сатуды жоспарлаған күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында олар Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша айыпталуда. Бұл бапқа сәйкес, күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Сапаров.

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасуда.

Серіктес жаңалықтары