«Ауыл аманаты» жобасы: Жамбыл облысында 37 мыңнан астам жұмыс орны ашылды
Облыста төрт түлік сал сатып алу үшін 37 миллиард теңге бөлініп, оған 252 мың бас мал алынған
Жамбыл облысы тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, экономикасының өркендеуіне «Ауыл аманаты» жобасының қосқан үлесі зор. Биыл аталған жобаны жемісті жүзеге асыру мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 4,2 миллиард теңге бөлініп, бас-аяғы 62 ауылдық округтегі 8028 жоба несиелендірілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Жамбыл облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаевтың айтуынша, жоба аясында бес жыл ішінде жергілікті бюджет есебінен 57 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету үшін 3,2 миллиард теңге қаржы қарастырылып, нәтижесінде 533 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Ал төрт түлікті сатып алу үшін 37 миллиард теңге бөлініп, оған 252 мың бас мал алынған.
Жалпы, бұл мақсатта 7890 жеке тұлға несиелендірілген. Сондай-ақ, құрылған кооперативтерге 946,9 миллион теңге айналым қаражаты берілсе, ауылдық елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 730 миллион теңгеге 97 жоба қаржыландырылған. Атап өтерлігі, жобаға қатысушыларға қаржының барлығы дерлік «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы беріліп келеді.
«2019 жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасының бес бағыты сәтті жүзеге асырылуда. Жоба аясында өңірдегі елді мекендерде 37 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, 22838-і тұрақты болса, 14 206-ы – уақытша жұмыс орындары. Ал 2020 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда ауылдық елді мекендерде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 392 отбасыға азайып, үнемделген қаражат 823,3 миллион теңгені құрады. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 78 мың теңгеден 134,8 мың теңгеге артты», – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.
Айта кетейік, аймақта аталған жобаның бірінші бағыты бойынша 187,3 миллион теңге бөлініп, жергілікті тұрғындар үй іргесіндегі жер телімдерін өңдеп, өз учаскелерінде бау-бақшадан табыс тауып отыр. Ал екінші бағыт бойынша жалпы құны 35,1 миллиард теңгені құрайтын 7576 жоба жүзеге асырылған. Осылайша, жоба аясында 34 030 бас қара мал, 214 183 қой-ешкі сатып алынған. Бұдан бөлек, үшінші бағыт бойынша ұсақ шаруалардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді игеру бағытында 41 ауыл шаруашылығы кооперативіне 673, 4 миллион теңгені құрайтын айналым қаражаты берілген. Төртінші бағытқа сәйкес облыста 57 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 3,2 миллиард теңгеге 533 трактор мен ауыл шаруашылығы тіркемелері алынған. Сондай-ақ, бесінші бағыт бойынша 72 жоба қаржыландырылып, 515,7 миллион теңге игерілген.
Атап өтетін тағы бір жайт, өңірде 2019 жылдан бері осы жобаға қатысқан 611 жеке кәсіпкер 1 миллиард теңгеге тең несиелерін жапқан. Қазіргі уақытта несие қайтарылымы 99,6 пайызды құрап отыр. 2024-2025 жылдарға 17,3 миллиард теңгеге өтінім берілсе, бұл қаржыға 2 мыңға жуық азаматқа несие беру көзделуде.