Павлодарда полиция ішімдікке тәуелді әйелден балаларын алып кетті
Қазіргі таңда бұл мәселе құқық қорғау органдарының бақылауында
Павлодар қаласындағы Солтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне Мәскеу көшесіндегі үйден кәмелетке толмаған төрт баланың ата-анасының қарауынсыз қалғаны туралы хабарлама түсті. Бей-жай қарамайтын тұрғындар жағдайды дер кезінде полицияға жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Аталған мекенжай ювеналды полиция қызметкерлеріне бұрыннан таныс. Бір ай бұрын бұл отбасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралған болатын. Комиссия балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін анасына сынақ мерзімін белгілеп, оны алкогольді ішімдіктерден бас тартуға және бала тәрбиесімен айналысуға міндеттеген. Сондай-ақ оған әкімшілік жауапкершілік тағайындалған еді.
Полицияға түскен жаңа ақпарат бойынша, тәртіп сақшылары келген кезде пәтерде орта дәрежелі мас күйінде болған ананы және балаларды тапты. Бұл факт медициналық тексеру арқылы расталды.
«Заңды өкілге қатысты балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жолданды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар ауруханаға жатқызылды. Емделіп шыққан соң, қаулыға сәйкес үлкен бала балаларды қолдау өңірлік орталығына, ал қалған үшеуі балалар үйіне орналастырылады», – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда бұл мәселе құқық қорғау органдарының бақылауында.