Актер Еркебұлан Тоқтар 47 секундта қарсыласын нокаутқа жіберді
Ол кәсіби мансабында 9 мәрте жеңіске жетіп, 3 рет жеңіліске ұшыраған
Алматыда өткен Nomad Fighting 11 турнирінде қазақстандық спортшы әрі актер Еркебұлан Тоқтар кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізді. Жеңіл салмақта өткен жекпе-жекке оның қарсыласы ресейлік Фарид Ядуллаев болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Үш раундқа жоспарланған жекпе-жек небәрі 47 секундта аяқталды. Тоқтар қарсыласын ауыр соққымен нокаутқа жіберді.
Айта кетейік, ол аралас жекпе-жек (ММА) бойынша кәсіби мансабында 9 мәрте жеңіске жетіп, 3 рет жеңіліске ұшыраған. Соңғы кездесуін Еркебұлан 2023 жылдың қараша айында өткізіп, египеттік Хайсам Эль-Саедті де бірінші раундта нокаутпен жеңген болатын.
Спорттан бөлек, Еркебұлан Тоқтар – кәсіби актер. Ол шығармашылық пен спортты үйлестіре отырып, өз елінің атын түрлі салада асқақтатып жүр.
Nomad Fighting 11 турниріндегі Еркебұланның жеңісі оның жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады.