Ұлыбритания парламенті медициналық жолмен суицид жасау туралы заң жобасын мақұлдады
Биыл қазанда жүргізілген сауалнамаға сәйкес, британдықтардың 67%-ы эвтаназияны қолдайды
Ұлыбритания парламенті эвтаназияны заңдастыру туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы BBC басылымы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дауыс беру қорытындысы бойынша 330 депутат заң жобасын қолдаса, 275 депутат қарсы шықты.
«Бес сағаттан астам уақытқа созылған пікірталас кезінде депутаттар жеке оқиғаларын бөлісіп, заң жобасына қарсы шыққандар науқастарға паллиативті көмекті жақсарту керек екенін айтты. Қарсы тарап эвтаназияның қорғансыз азаматтарға қарсы мәжбүрлеу құралына айналуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді», — деп жазады баспасөз құралы.
Премьер-министр Кир Стармер заң жобасын қолдап дауыс берді. Заң жобасының қауымдар палатасында алғашқы кезеңнен өтуі оның заңға айналмас бұрын әрі қарай парламентте қаралатынын білдіреді.
«Заң жобасына қатысты дауыс беру кезінде Лондондағы парламент ғимаратының алдына эвтаназияны қолдаушылар мен қарсы шыққандар жиналды. Биыл қазанда жүргізілген сауалнамаға сәйкес, британдықтардың 67%-ы эвтаназияны енгізуді қолдайды, ал 13%-ы қарсы», — деп жазады ВВС.
Қазіргі таңда эвтаназия немесе медициналық көмекпен суицид жасауға рұқсат етілген елдер қатарында АҚШ-тың 10 штаты, Канада, және Еуропаның алты мемлекеті, оның ішінде Швейцария, Нидерланды, Бельгия, Люксембург, Испания, Австрия, сондай-ақ Австралия мен Жаңа Зеландия бар.