Астанада жүк көлігінің жанармай багы жарылып, үш адам зардап шекті
Оларға шұғыл медициналық көмек көрсетілді
Астананың Сарыарқа ауданындағы Жарсуат көшесінде орналасқан үшқабатты әкімшілік ғимараттың бірінші қабатындағы бокста өрт шығып, үш адам зардап шекті. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сарыарқа ауданында Жарсуат көшесінде орналасқан үшқабатты әкімшілік ғимараттың бірінші қабатындағы бокста жанармай багының жарылуынан өрт шықты. Оқиға барысында үш адам зардап шекті», – деп мәлімдеді ведомство.
Зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, олар жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
«Өрттің шығуына бокс ішіндегі жүк көлігінің жанармай багының жарылуы себеп болған. Өрт 15 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Оқиғаның себептері мен шығын көлемі анықталып жатыр», — делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар қызметі көлік құралдарымен жұмыс істеу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.