Атырау облысында субсидия ала алмай жүрген шаруалар шу шығарды
Шаруалар жем-шөптен тарығып, малды қырып аламыз ба алаңдаулы
Атырау облысында субсидия ала алмай жүрген шаруалар шу шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Шаруалардың айтуларынша, Атырау облысы Құрманғазы ауданының Азғыр өңірінде биыл қуаңшылық боп, жем-шөптен тарығып қалған. Соны пайдаланған пысықайлар шөп бағасын екі есе қымбаттатып жіберіпті. Ал ауыл шаруашылығына жауапты атқамінерлер көмектесудің орнына құр уәдемен уақыт оздырып жүрген көрінеді.
Бұл – облыстан бес жүз шақырым қашықта, Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік селолық округі шаруалары. Мал-жанын тастап, облыс атқамінерлерін іздеп келген. Келмеске амал жоқ, қыста жем-шөптен тарығып, төрт түлікті қырып аламыз ба деп уайымдайды. Айтуларынша, аймақ басшылары ауылға кеп, жағдайды өз көздерімен көрген. Бірақ мәселені шешуге асықпай отыр.
«Хаттаманың ішінде берілетін жөнінде жазылған. Кейіннен біз бұл жөнінде хабар ала алмадық. Жыл аяқталып жатыр. Желтоқсан басталғаннан кейін мұның бәрі кеш болады. Бір орамның құны 15 мың тұрады. Есептеңіздер, 1 шаруа қожалығы 100 орам алатын болса, 1,5 млн теңге жұмсайды. Мың орам алса, 15 млн теңге қаражат кетеді деген сөз. Бұл шаруаларға айтарлықтай соққы. Шаруалардың қазір 50 пайыздан жоғырысы әлі толыққанды жем-шөппен қамтылған жоқ», - дейді жеке шаруашылық иесі Думан Меңдешев.
Бұған дейін шаруалар ірі сабақты мал азығына субсидия алып келген. Онымен қоса шенділер тасымал ұйымдастырып беру жөнінде уәде еткен. Кейін талапқа сай келмеді деп, бас тартыпты. Шенділер шешімін таппай жүргенде орамы жеті мың бес жүз теңгеге сатылған шөптің бағасы бірден 15 мың теңгеге шарықтаған. Былай тартса, өгіз өледі, былай тартса, арба сынадының - өзі. Қуаңшылықтан қысылған халық азды-көпті жайылымды көршілес Батыс Қазақстаннан топтасып келетін киік отап кетеді дейді.
Алыс ауылдан келген шаруалармен кездесуге облыс әкімдігінен жауаптылар бірден шыға қоймады. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Саламат Аманкелді сұрақтарға жауап беруден бас тартып, қол сілтеді. Сүт пісірім уақыттан соң ғана облыс әкімінің орынбасары қабылдады. Ол шаруаларға көмектесудің жалғыз жолы – төтенше жағдай жариялау екенін айтты
«Тектен тек субсидияны бере алмаймыз. Өйткені белгілі бір қиын жағдай орын алу керек. Мысалға, шөп өспей қалып, жаңбыр болмай қалып, соны біздер төтенше деп қабылдап, сол негізге негізделе отырып, біздер төлей аламыз. Азғыр өңірі дейміз, бұл жерге бірнеше елді мекен кіреді», - деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембаев.
Шендінің сөзіне сенсек, Азғыр өңіріне төтенше жағдай келесі аптадан бастап жарияланады. Қаржы желтоқсан айында қолдарына тиеді.