Жетісу облысында мүгедектер мен көпбалалы аналардың жалақысынан заңсыз жарна алған ауыл әкімдері жазаланды
Прокуратура мәліметінше, 166 азаматтың жалақысынан 5,5 млн теңгеден астам қаржы заңсыз ұсталған
Жетісу облысында екі ауылдық округтің әкімі мен бір мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олар мүгедектігі бар адамдардың және көпбалалы аналардың жалақыларынан міндетті төлем сомаларын заңсыз ұстап отырған. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның талаптарына сәйкес Мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы аналарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» және басқа да марапаттарға ие болған аналар үшін міндетті төлем жарналарын мемлекет төлейді.
Прокуратураның мәліметінше, заң талаптарына қарамастан кейбір жұмыс берушілер тарапынан қолдауға мұқтаж 166 азаматтың жалақысынан 5,5 млн теңгеден астам қаржы заңсыз ұсталған.
«Аталған азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз ұсталған қаржыны қайтару рәсімі басталды.Кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде екі ауылдық округтің әкімі мен бір мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген прокуратура хабарламасында.