Депутат дәрі-дәрмек бағасының арзандауына себеп болатын мысалдарды айтып өтті
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі дәрі-дәрмек бағасы арзандайтынын айтып, сүйінші жаңалығымен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде дәрі-дәрмек бағасының төмендейтініне қатысты мынадай ойын білдірді.
«Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру механизмдеріне өзгерістер енгізуді қолға алды. Бұл шаралар бағаны төмендетуге көмектеседі. Қазір кейбір дәрілердің құны көршілес елдерге қарағанда жоғары.
Не өзгереді? Ең алдымен, бағаны тіркеуде бірыңғай тәсіл енгізіледі. Шекті бағаларды қалыптастыру үшін бірыңғай базалық баға белгіленеді. Бұл дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе негізсіз қымбаттатуға жол бермейді.
Екіншіден, негізсіз шығындарды алып тастау. Бұрын маркетинг және тасымалдау шығындары 30%-ға дейін жетіп, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тағы 15% үстеме қосылатын. Енді бұл қосымша шығындар алынып тасталады, осылайша бағаны қолжетімді деңгейде ұстауға мүмкіндік туады», - дейді Асхат Аймағамбетов.
Мәжіліс депутаты сөзін жалғай отырып, бағаға қосылатын үстеме төмендетілетінін ерекше айтып өтті.
«Көтерме және бөлшек саудаға қосылатын үстемені төмендету.
- Көтерме сауда – 15-20%-ға дейін.
- Бөлшек сауда – 20-30%-ға дейін.
Халықаралық деңгейде референттік баға енгізіледі. Енді дәрі-дәрмек бағасы халықаралық және ұқсас нарықтардағы бағамен салыстырылып отырады. Сонымен қатар, дәріханалардағы бағаны бақылау үшін бірыңғай референттеу жүйесі енгізіледі. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен бірігіп, тасымалдау және басқа да шығындар туралы объективті деректер алынады (ИС «Кеден»)», - дейді «AMANAT» фракциясының мүшесі.
Ал осыдан күтілетін нәтиже қандай?
«Біз бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмек бағасын қалыптастырудағы мәселелерді атап көрсеткенбіз. Бұл мәселелер бағаның негізсіз өсуіне әкелді. Енді, ақыры, Денсаулық сақтау министрлігі дұрыс қадам жасауда.
Бұл өзгерістер – дәрі-дәрмектің қолжетімділігін жақсартуға бағытталған нақты шешім», - деп депутат ойын білдірді.