Air Astana рейсті 15 сағатқа кешіктіргені үшін айыппұл төлейді

Автор: Azattyq Rýhy

Айыппұл мөлшері 1,8 млн теңге деп белгіленді

Фото: Air Astana баспасөз қызметі

Ақтауда рейсті 15 сағатқа кешіктіргені үшін Air Astana әуекомпаниясы 1,8 млн теңге айыппұл төлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

«Маңғыстау көлік прокуратурасы жолаушылардың құқықтарын қорғау мақсатында тексеру жүргізді. Рейсті ұзақ күткен жолаушылар прокуратураға шағымданып, әуекомпанияның қажетті қызметтер көрсетпегенін айтты», — деп жазылған хабарламада.

Тексеру барысында анықталғандай, жолаушыларға заңнамада қарастырылған келесі қызметтер ұсынылмаған:

  • Қонақүйге орналастыру;
  • Ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
  • Ана мен бала бөлмесіне қолжетімділік;
  • Әуежайдан қалаға шығуға арналған көлікпен қамтамасыз ету.

Осының негізінде Air Astana әуекомпаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 млн 846 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.