Қазақстанның алты қаласында ауа ластанады — Қазгидромет
Бұл қалаларда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар сақталады

23 қарашада Қазақстанның алты қаласында ауада ластаушы заттар жиналатыны болжанып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» мамандарына сілтеме жасап.
«2024 жылдың 23 қарашасында Алматы, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш және Теміртау қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болады», – делінген хабарламада.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (әлсіз жел, тұман, инверсия) үйлесімі. Бұл зиянды заттардың ауа қабатында жиналуына ықпал етеді. Мұндай жағдайлар халық тұратын аймақтарда ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.
Мамандар осындай күндері аса сақ болуға және ұзақ уақыт ашық ауада жүрмеуге кеңес береді. Әсіресе, балалар мен егде жастағы адамдардың, сондай-ақ тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар азаматтардың сақтық шараларын сақтауын ескертеді.