Испания бес әуе компаниясына айыппұл салды
Испанияның Тұтынушылар істері министрлігі бес әуе компаниясына 180 миллион еуроға жуық айыппұл салды. Бұл айыппұл компаниялардың тұтынушылар құқықтарын бұзып, қол жүгі және кәмелетке толмағандарға немесе мүмкіндігі шектеулі адамдарға көршілес орындарды брондау үшін қосымша ақы алуына байланысты салынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Айыппұл салынған компаниялар: Ryanair, Vueling, Easyjet, Norwegian және Volotea.
«Біз кез келген компанияға, оның көлемі мен ықпалына қарамастан, заңнан жоғары тұра алмайтынын нақты жеткізгіміз келеді. Тұтынушылар құқықтарын бұзуға немесе оларға қысым жасауға негізделген бизнес үлгісі болмауға тиіс», - деді Тұтынушылар істері министрі Пабло Бустиндуй.
Сонымен қатар бұл компанияларға Испания әуежайларында мұндай тәжірибені жалғастыруға тыйым салынады.
Айыппұлдардың ең үлкен сомасы (€107 775 777) Ryanair компаниясына салынды. Компания жолаушылардан терминалда билеттерді басып шығару үшін негізсіз жоғары ақы алғаны үшін де жазаланды.
Ал Ryanair бұл айыппұлдарды заңсыз және негізсіз деп атап, дереу апелляцияға шағым түсіретінін мәлімдеді.