Шымкент әкімі «сыра королі» атанған Тоқтар Төлешовтің бұрынғы ғимаратын сүріп тастаған
Ақпанда жаңа құрылыс басталады
Шымкентте сыра королі атанған Тоқтар Төлешовке тиесілі нысандар мемлекетке қайтарылған еді. Олардың бүгінгі тағдыры жайлы Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтар болсақ, Тоқтар Төлешовке тиесілі Шымкенттегі мәдениет үйі коммуналдық меншікке тапсырылып, одан оқушылар сарайын салу жоспарланған еді. Бүгінде ол ғимарат сүрілгені белгілі болды.
«Ескі ғимаратты сүріп тастадық. Себебі сейсмикалық талаптар мен өзге де техникалық талаптарға сай келмеді. Біз үш мәрте тексеріс жүргіздік. Қазір ескі ғимараттың орны тазаланды. Ақпан айында құрылысты бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Оның құрылысы толық демеушілердің қаржысына жүзеге асырылады», - деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Еске сала кетейік, Тоқтар Төлешов 2016 жылы Шымкент қаласында ұсталған болатын. Бас күдiктi мен оның сыбайластарынан қару, есірткі және белгілі бір әдебиеттер тәркіленді. Шымкенттік кәсіпкерге барлығы Қылмыстық кодекстің 15 бабы бойынша айып тағылды. Сот шешімі бойынша ол 21 жылға сотталды.