Шымкентте орташа жалақы неше теңге - қала әкімі жауап берді
Қазір бұл қаладағы орташа жалақы 304 мың теңгеге жеткен
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шаһардағы орташа жалақының көлемін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шымкент қаласы жалақысы төмен өңірлердің қатарына жатады. Осы ретте өңірдегі жалақыны арттыру үшін жүйелі шара қабылдап, жұмыс істеп жатырмыз. Еңбекақысы төмен 15 мыңға жуық азаматтық қызметкердің жалақысын қосымша 50 мың теңгеге көтердік. Ол үшін жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын барлық бюджет қызметкерінің жалақысы 140 мың теңгеден асты. Қазір қаладағы орташа жалақы 12,5%-ға өсіп, 304 мың теңгеге жетті», - дейді Сыздықбеков.
Еске салсақ, 2024 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 382 279 теңге болған еді.