Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс мұнай бағасының өсуіне ықпал етті
Ресей әлемдегі ең ірі шикі мұнай өндірушілердің бірі болып қала бермек

Жұма күні мұнай бағасы Ресейдің Украинаға баллистикалық зымыран ұшырғаны және қақтығыстың ұлғаюы мүмкін екенін ескерткеннен кейін бірден өсті. Бұл шикі мұнай тасымалының қысқару ықтималдығын арттырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Brent маркалы мұнай бағасы 14 центке немесе 0,2%-ға өсіп, барреліне 74,37 АҚШ долларына жетті. Ал АҚШ-тың West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай бағасы 17 центке немесе 0,2%-ға өсіп, барреліне 70,27 АҚШ долларына дейін көтерілді.
РФ президенті Владимир Путин бейсенбі күні Украинадағы соғыс АҚШ пен Ұлыбританияның Украинаға қару-жарақ беру арқылы Ресейге соққы жасауға мүмкіндік бергенінен кейін жаһандық қақтығысқа айналып жатқанын мәлімдеді.
Путин Ресейдің америкалық және британдық зымырандардың қолданылуына жауап ретінде Украинадағы әскери нысанға жаңа типтегі орта қашықтықтағы гипердыбыстық баллистикалық зымыран ұшырғанын айтты. Сондай-ақ ол Батысқа егер мұндай жағдайлар қайталанса, қосымша жауап шаралары қолданылуы мүмкін екенін ескертті.
Путиннің айтуынша, АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің рұқсатымен Украина қараша айының 19-ында Ресейге алты америкалық ATACMS зымыранымен, ал 21 қарашада британдық Storm Shadow және америкалық HIMARS зымырандарымен соққы жасаған.
Ресей әлемдегі ең ірі шикі мұнай өндірушілердің бірі болып қала береді, дегенмен, Украинаға басып кіруіне байланысты импортқа тыйым салынғаннан кейін және ОПЕК+ өндірушілер тобының жеткізілімдерді шектеу шараларынан кейін өндіріс азайды. Осы айда Ресей тәулігіне шамамен 9 миллион баррель мұнай өндіріп жатқанын мәлімдеді.
Украина Ресейдің мұнай инфрақұрылымына дрондармен шабуыл жасады. Мәселен, маусым айында алыс қашықтыққа арналған соққы дрондарын пайдаланып, Ресейдің төрт мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған.
АҚШ-тағы шикі мұнай мен бензин қорларының көбеюі бағаның өсуін тежеді. Осы аптада жарияланған үкімет деректері 15 қарашада аяқталған аптада шикі мұнай қоры 545 мың баррельге артып, 430,3 миллион баррельге жеткенін, ал бензин қоры 2,1 миллион баррельге өсіп, 208,9 миллион баррельге жеткенін көрсетті. Кейбір сарапшылар келесі аптадағы мәліметтерде мұнай қорының жаңа серпілісі болуы мүмкін екенін болжайды.
Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушы ел – Қытай бейсенбі күні сауда-саттықты ынталандыру бойынша шараларды, оның ішінде энергетикалық ресурстарды импорттауға қолдау көрсету саясатын жариялады. Бұл сайланған АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға тарифтер енгізу қаупі аясында жасалып отыр.