Төрт баланың өлімі: Өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл бап өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады

Фото: ТЖД

Астанада жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан балалардың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қалалық ТЖД тергеу бөлімі оқиғаны тергеумен айналысады.

«Екі қабатты тұрғын үйде өрттің болуына және оның салдарынан балалардың қаза табуына байланысты өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы фактісі бойынша ТЖД тергеу бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Бұл бап өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады, сондай-ақ үш жылға дейінбелгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мүмкіндігін қамтиды», – деп хабарлады Астана ТЖД баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдары тергеу аяқталғаннан кейін оқиға бойынша нәтижелерді жариялайтынын мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, өрт 2024 жылдың 17 қарашасында Астана қаласындағы жеке екі қабатты тұрғын үйде болған. Өрт үйдің шатырын қамтып, оның бір бөлігі құлап кеткен. Оқиға салдарынан 2 жастан 13 жасқа дейінгі төрт бала қаза тапты. Әкімдіктің мәліметінше, өрт болған үйде екі отбасы тұрған. Қайғылы оқиға болған отбасыға психологиялық, материалдық, тұрғын үй және басқа да қажетті көмек көрсетіледі.