Астанадағы өрт: Қаза тапқан балалардың отбасыларына көмек көрсетіледі
Өрт болған үйде екі отбасы тұрған
Астанадағы екі қабатты жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан қаза тапқан төрт баланың отбасыларына жергілікті әкімдік көмек көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, өрт болған үйде екі отбасы тұрған. Қайғылы оқиға болған отбасыға психологиялық, материалдық, тұрғын үй және басқа да қажетті көмек көрсетіледі.
«Қаза тапқан балалардың жақындарына көңіл айтамыз. Зардап шеккен екінші отбасы уақытша тұрғын үйге орналастырылды. Әкімдік қызметкерлері екі отбасымен тұрақты байланыста болып, барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр», — делінген әкімдіктің хабарламасында.
Еске салайық, Астанада екі қабатты жеке тұрғын үйде болған өрттің салдарынан үйдің шатыры құлап, төрт бала — 2 мен 13 жас аралығындағы балалар қайтыс болған еді.
Қазіргі таңда оқиғаның себептері анықталып жатыр. Жергілікті билік өкілдері тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керек екенін ескертті.