Бұрынғы мешіттегі жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Оқиғадан кейін елорда ауруханаларына 16 адам жеткізілген
Ақмола облысы Сабынды ауылындағы бұрынғы мешітте болған газ жарылысынан кейін зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиғадан кейін елорда ауруханаларына 16 адам жеткізілген. Олардың үшеуі — балалар.
«Барлық науқастың алдын ала диагнозы — әртүрлі дәрежедегі термиялық күйіктер. Олардың барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — деп хабарлады ведомство.
Естеріңізге сала кетсек, 17 қарашада бұрынғы мешіт ғимаратында газ жарылысы болған еді. Бұл орын ас беру шараларын өткізуге пайдаланылған. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты: 46 жастағы ер адам, 41 жастағы әйел және 12 жастағы бала.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін зерттеулер жүргізіліп жатыр. Апат себептерін анықтау мақсатында өрт сынақ зертханасы жұмыс істейді.