«31 млрд теңге жұмсалған, бірақ нәтиже жоқ»: Баталов Astana велокомандасы туралы пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов пленарлық отырыста Astana велокомандасын сынаған еді

Скриншот

Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Райымбек Баталов велоспорттағы қазіргі жағдай туралы айтып, депутат Мұрат Әбеновтің сынымен келісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Депутаттың сыны

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов пленарлық отырыста Astana велокомандасын сынаған еді. Оның айтуынша, команда базасы шетелде орналасқан, құрамында қазақстандықтар аз, ал оған мемлекеттен 31 млрд теңге бөлінген. Депутат бұл қаржыға қарамастан, команда соңғы Олимпиадаларда нәтижелі өнер көрсете алмағанын айтты.

Баталовтың пікірі

Райымбек Баталов депутаттың сынымен келісе отырып, велоспорттағы мәселелердің бірнеше себебін атады:

  • Нәтиже қанағаттандырмайды

Баталовтың айтуынша, соңғы екі Олимпиада циклі бойынша  қанағаттанарлық нәтиже жоқ. Ол бұл жағдайға Astana және Astana Development командаларын басқарған Александр Винокуровтың жауапты екенін атап өтті.

  • Қаржыландырудың ашықтығы

Баталов қаржылық бақылаудың болмауын сынға алып, мәселенің тамыры бұрынғы қаржыландыру жүйесінің бұзылуында екенін атап өтті.

«Бұрын федерация, «Самұрық-Қазына» қоры және Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп жұмыс істегенде, жүйелі бақылау болды, нәтижелер жақсы еді. Қазір бұл үйлестіру жоғалып, команда қаржылық тұрғыда федерациядан тәуелсіз жұмыс істеп жатыр», – деді ол.

  • Құрамада қазақстандықтардың аздығы

Баталов Astana командасында қазақстандық спортшылардың аз екенін мойындап, бұл бағытта өзгерістер енгізу қажет екенін айтты. Сонымен қатар ол тек қазақстандық спортшылардан ғана емес, әлемдік деңгейдегі мықты велошабандоздардан да команда жасақтау маңызды екенін атап өтті.

  • Жастар спортына басымдық беру

Райымбек Баталов велоспортты дамытудың басты бағыты ретінде ауыл-аймақтардағы жас спортшыларды қолдауды атады.

«Велоспорт ауылдағы балалар үшін үлкен әлеуметтік лифт болуы керек. Ауыл балалары клубтық жүйе арқылы әлемдік деңгейге шығуға мүмкіндік алуы тиіс. Мысалы, Александр Винокуровтың өзі ауылда тәрбиеленген. Бұл – біздің дәстүріміз, оны жоғалтуға болмайды», – деді Баталов.

  • Болашақтағы реформалар

Баталов велоспортты дамыту үшін клубтық жүйені енгізу, қаржыландыруды оңтайландыру және демеушілерді тарту маңызды екенін айтты.

«Біздің мақсатымыз – бюджет қаражатын қысқартып, велоспортты халық арасында танымал ету арқылы серіктестер мен демеушілерді тарту. Бұл жүйе ауыл балаларына кәсіби спортқа жол ашып, қазақстандық велоспорт дәстүрін сақтауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Баталов сөзін қорытындылай келе, велоспортты дамытуда жүйелі, бірақ шұғыл қадамдар қажет екенін баса айтты.