$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Журналист-ғалым Мұратбек Тоқтағазиннің мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті

Ол 60 жасқа толды

Журналист-ғалым Мұратбек Тоқтағазиннің мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті

Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде танымал журналист-ғалым, профессор, Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазиннің 60 жылдық мерейтойына орай «Журналистика мен қазіргі медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, TURKSOY халықаралық ұйымының, Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, БАҚ басшылары мен студенттер қатысты. Конференция барысында Мұратбек Балқыбекұлының шығармашылық жолы туралы әсерлі баяндамалар жасалды. Әсіресе, оның Ақмола қаласының тарихи атауын қайтарудағы еңбегі ерекше атап өтілді.

«Мұратбек Балқыбекұлы — белгілі журналист, ғалым және қоғам қайраткері. Ол астанамыздың Ақмола атауын қайтару жолында ерекше еңбек етті. Оның «Ақмола атауы үшін айқас» мақаласы ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының тарихи шешім қабылдауына ықпал етті», — деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Мерейтойда ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омарұлы өзінің баяндауында Мұратбек Тоқтағазиннің қайраткерлік және шығармашылық қырларын ерекше атап өтті.

«Мұратбек Тоқтағазиннің өмірі үш кезеңге бөлінеді: студент, журналист, зерттеуші. Ол мектеп жасынан бастап-ақ қайраткер ретінде қалыптасып, қазақ баспасөзінің дамуына айрықша үлес қосты. Оның қажырлы еңбегі мен тың идеялары сарыдаланы қазақиландыруға және Астананың ұлттық келбетін қалыптастыруға серпін берді», — деді ол.

Мұратбек Тоқтағазин 2010 жылы Әзілхан Нұршайықов шығармашылығына арналған кандидаттық диссертация қорғап, журналистиканың түрлі жанрларында 300-ден астам мақала жариялаған. Оның «Ақмола үшін айқас», «Кітап басу ісіндегі коммуникативті саясат» атты кітаптары мен көптеген ғылыми мақаласы жас зерттеушілер үшін құнды бағыт-бағдар болып отыр.

Серіктес жаңалықтары